Өткен аптада ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Халықаралық Жастар күнін мерекелеу аясында Астрахан ауданында қоғамдық және мәдени өмірге белсенді қатысып, өңірдің дамуына үлес қосып жүрген жастар өкілдеріне құрмет көрсетілді. Шараға қатысушыларды Астрахан ауданының әкімі Нұрлан Сейілов құттықтады.
«Еліміздің болашағы білімді және талантты жастардың қолында. Бүгінгі таңда қоғамның қозғаушы күші ретінде озық идеялармен қаруланған жастар алдыңғы ұрпақтың жолын жалғастырып, елдің дамуы мен гүлденуіне үлес қосуда. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасында жаңа белестерді бағындырып, Отанымыздың өркендеуі жолында зор табыстарға жететіндеріңізге сенімдімін»,-деп атап өтті аудан әкімі.
Шара барысында Нұрлан Қазезұлы аудан әкімінің белсенді жастарға, соның ішінде волонтерлер мен түрлі қызмет салаларының өкілдеріне алғыс хаттар табыс етті. Марапатталғандардың арасында, «Зеленое- 1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің механизаторлары Антон Рудзинский мен Евгений Зайцев, Астрахан ауданы полиция бөлімінің аға лейтенанты Евгения Моштак, Первомайка ауылы дәрігерлік амбулаториясының жалпы практика дәрігері Александр Малашихин, Астрахан ауылы агротехникалық колледжінің жастар ісі жөніндегі инспекторы Сандуғаш Қайыржанова, өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушісі, азаматтық қорғау сержанты Бауыржан Даулеткерей, Астрахан №1 мектебінің информатика пәнінің мұғалімі Дулат Оспанов, Астрахан №2 мектебінің информатика пәнінің мұғалімі Төлепберген Бұғыбай және тағы басқалары марапатталды.
Арман ЖАПАРОВ.