22/12/2024  Жексенбі
$523.86 ₽5.11 €544.34

Еркіндік, азаттық біздің халқымыздың ежелгі арманы еді. Қазақстан егемендік алғанға дейін 300 жылға жуық бодандықтың бұғауында 70 жылдай кеңестік жүйенің шырмауында болдық. Көптен күткен талай ғасырлар бойы аңсаған тәуілсіздікке қол жеткізгенімізге 30 жыл толып отыр.

Талай ел осы 30 жыл ішінде қанат жайып гүлденіп өсіп, Тәуілсіздіктің теңдесі жоқ екенін сезіндік. Дініміз қайта оралды, қазақ тіліне еркіндік беріліп, көптеген жерде мектеп, балабақшамыз өз тілімізде ашыла басталды. Өз етек жеңімізді жиып, Тәуелсіз ел болғанымызды сезіне бастадық. Жаңадан мыңдаған жолдар салынды, елді мекендер өсе бастады. Халық саны артып, алпауыт елдердің қатарына іліктік. Өнімдерімізді экспортқа өз еркімізбен ешкімге жалтақтамай өткізе бастадық. Мұнай саласы, газ, көмір молынан өндіріліп халыққа қолжетімді бағаға сатыла басталды. Астық өнімдері бірнеше есеге артты.

Осы тәуелсіздік жылдар ішінде сонғы жылдары біздің Астрахан ауданында үлкен серпілістер байқалып, құрылыс, мәдениет, жол саласы ауыз су мәселесі кеңінен шешілді. Әсіресе, шағын елді мекендерге асфальт жолдар, жарық мәселелері қолға алынды. Сонын негізінде біздің Жалтыр ауылдық мекеніне көптеген жағдайлар жасала басталды. Өткен өмірден озған үлкен адамдар Айдар Мұхамеджанов, Қайыр Молдабеков секілді ақсақалдар «Ең алғашқы теміржол қазығы 1936 жылы қағылып, үйлер салына басталды»-деп айтып отыратын.

1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталып, азаматтар соғысқа кете бастады. 1941 жылы мамыр айында осы орталықтағы мектептің фундаменті құйылып, мектеп қабырғасы көтеріле басталды. Ол мектеп  «№ 147 мектеп» деп аталды. Аталмыш мектептен талай түлектер оқып шығып, елге белгілі азаматтар болды. Сол мектептің алғашқы ұстаздардың бірі өзім болдым деп Айдар ақсақал айтатын. Осы мектептен оқып түлеп ұшқан Ғазез Сейілов аудан басшыға дейін қөтеріліп, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы болды. Нұрмұхамбет Сембаев үздік дәрігер аталып, 40 жыл бойы Астрахан ауданының ауруханасында бас дәрігер болып қызмет атқарды. Аталған Ғазез Сейілов, Нұрмұхамбет Сембаев Астрахан ауданының құрметті азаматтары. Кезіңде Ақмола облысының атқару комитетінің төрағасы болып істеген бірнеше совхоздың директоры болған Қайредан Кәрбаев марқұм осы Жалтыр мектебінің озат оқушысы болып, осы мектептен қанаттанып өсіп шыққан. Аманжол Жаханов Жалтырдағы теміржол вокзалының бастығы болып істеген Астрахан ауданының құрметті азамат еді. Сонымен қатар, ел тізгінің ұстап Жалтыр құрылыс мекемесінің бас инженері болып және де  Жалтыр ауылдық округінің 10 жылдай төрағасы болған Қамалхан Байымбетов осы Жалтыр мектебін бітірген азаматы еді.

Жалтыр елді мекеніңде ауылшаруашылық техника, химиялық, асфальт шығаратын, қиыршық тас шығаратын зауыттар болған. Ауданаралық база, құрылыс ПМК, үлкен теміржол вокзалы, мәдениет сарайы, быткомбинат, локомотив жөндейтін үлкен депо, жанар-жағармай мұнай базасын сақтайтын үлкен қойма болатын. Бүкіл Астрахан ауданының совхоздары жанар-жағармайларды өз совхоздарына тасыған. Орталықтын біраз үйлеріне кезіңде газ тартылып тасылып-құйылып отырған. Аудандық сауда базасын Сағынай Сейітжанов сирек ғасыр басқарған, қазір аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, әрі ауданымыздың құрметті азаматы.

Кейінгі жылдар Жалтыр елді мекені жаңа заманға сай өзгере бастады. Әсіресе жас әкім -  ел азаматы Амангелді Иманқұлов келгелі көп өзгерістер болды. Әрине, аудан әкімі Нұрлан Сейіловтың тікілей басшылығымен, аудандық мәжіліс депутатарының көңіл аударыуының арқасында күрделі жұмыстар жасалып, бюджеттен қаржы бөлініп, жергілікті аурухана күрделі жөндеуден өтті. Ауруханның басшысы аудандық мәслихат депутаты Гүлбағдад Мұқанова білікті дәрігер, халықпен қоянқолтық  жұмыс істей алатын маман. Сол ауруханада Сәуле Карабаева, Гүльназира Искакова, Бибігүл Жадаева, Мекенгүл Ақылова, Алтынай Какова, Ибагүл сияқты ақ халатты жандар халықтың ықыласына бөленіп жүр.

Осы Жалтыр мекенінде 4500 халық тұрады. Халыққа үш мектеп қызмет жасайды. Әсіресе, №3 мектеп 1941 жылы салынған, көп жылдар бойы Айнаш Башимова басқарып келеді. Ол азаматшаның еңбегі өте зор. Осы мектепте білікті ұстаздар еңбек жасайды - Жібек Социаловна, Махаббат Манатқызы, Ақ-Жұпар Ұзақбайқызы, Гүлдана Искакова, Нұрлан Рашид, Нұрлан Серікбаев сынды ұстаздар жемісті еңбек етуде. Осы аталмыш мектепте жылда жаздық спартакиада өтеді. Оған ТМД елдерінен көптеген спортшылар Ресей, Украина, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінен арнайы келеді. Сондай-ақ, бұл мектепте Ауған соғысына ардагерлерінің жиыны өткізіліп, түрлі шаралар іске асырылады. Және бұл шараны ұйымдастырып отыратын Ауған соғысының ардагері, аудандық мәслихат депутаты, «Nur Otan» партиясының мүшесі Анатолий Мальков.

Негізі Жалтырдың көп тұрғыны теміржолшылар. Халыққа қызмет ететін «Жігер», «Алтын дән», «Уют» үш дәмхана және үш дәріхана бар. Халыққа қызмет ететін 47 сауда дүкені бар. Бір мешіт, бір шіркеу, жеті элеватор, халыққа қызмет көрсететін «Тасумар+» мекемесі өз жұмыстарын атқарып келеді. Әр сенбі сайын орталық алаңда жәрмеңке өткізіліп тұрады. Ол жерде еттің түр-түрі, ағаш, көмір, жеміс-жидектер сатылады.

Қазіргі таңда орталық мәдениет үйі жұмыс істеп тұр. Оның директоры болып Игорь Шеин біршама жылдар бойы қызмет етті. Бір кітапхана жұмыс істейді. Бас кітапханашы Людмила Омельянюк. Сонымен қатар, Жалтыр жерінде «Алдын дән» балабақшасы жұмыс істейді. Меңгерушісі Гүлназ Қайырғалиқызы көпшіліктің алғысына бөленуде. Балабақша дәрігері Жұпар Саликова, тәрбиешесі Халанская В., Егізбаева О., Шымырбаева Ж.,есепші маман Иманкулова А.

Жалтыр ауылдық округіне Ягодное, Жарсуат, Ақбейіт елді мекендері қарайды. Осы елді мекендердің хал-ахуалын Жалтыр әкімі Амангелді Өскенбайұлы жіті қадағалап отырады. Әсіресе, қыс мезгілінде жолдың болуы, халыққа уақытылы азық-түліктің жеткізілуі, су мәселесінің күнделікті болып тұруы, ауырып қалса дәрігерді апару мәселесі күнделікті қадағалануда. Ол - әкімнің күнделікті күн тәртібіндегі бірінші мәселесі. Жалтыр елді мекенінде полиция бөлімшесі жұмыс істейді. Халықтың күнделікті қауіпсіздігін бақылауда. Биыл Жалтыр қөшелерінде бейнебақылау құрылғылары орнатылды. Бұл да ел қауіпсіздігінің кепілі. Және астық кептіретін жабдықтарды жасайтын «AZAM-KC» мекемесі бар, оған Аязбек Мусин басшылық жасауда.

Биыл тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы Жалтыр халқына үлкен серпін беріп отыр. Жалтырдың бес көшесіне асфальт төселді. Орталық дүкендердің алды түгел реттелді. Көше тазалығы, халықты сумен қамтамасыз ету мәселесі күнделікті бақылауда. Әкім өз сөзінде істелген істен, істелмеген іс көп дейді. Шет жақтағы Новая, Октябрьская, Комсомольская, Строительная көшелеріне келесі жылдары жарық тартылып, жолдар реттелуі мүмкін деп атап өтті.         

Бірде бір жолаушы маған кезігіп, қалқам бұл елді мекен бір ғажап екен. Көшесі мұнтаздай таза екен деп таңдай қақты. Менен ел әкімі кім деп сұрады? Мен ол кісіге жас азамат дедім. Сол кісінің айтқан сөзін өлеңмен былай өрнектедім.

Бір жолаушы былай деді соғып өткен,

Ғажайып ел екен деді елді мекен.

Сол жолаушы елді көріп таңдай қағып,

Тамаша ел екен деді өркені өскен.

Қария ақсақал былай деді,

Басшысы кім болады қалқам деді.

Жас жігіт ел басшы дедім оған

Онда айт, өсе берсін мәртебесі.

Бұл сөзі жолаушының айтып кеткен,

Кетпей қойды сөз оның көкіректен.

Айтқанын өлең қылып өрнектедім,

Сол жолаушы елге баға беріп кеткен.

Мен қуанып қала бердім, сырт көз сыншы дейді дана халық. Елдің өркендігі өсуі әрине жақсы ғой. Халқым аман, жұртым тыныш болсын. Келесі ұрпақ аман болып, ел қызығын бірге көрейік.

02.09.21 02.09.21 02.09.21 02.09.21 02.09.21 02.09.21 02.09.21 02.09.21 02.09.21 02.09.21

Серікбай ДОСЫМОВ,

Жалтыр ауылының зейнеткері.