Өткен аптаның соңында аудан әкімінің орынбасары Жанар Шахпұтованың қатысуымен «Білім және ғылым – елдің тұрақты дамуының кепілі» тақырыбында тамыз кеңесінің аудандық пленарлық отырысы өтті.
Тамыз кеңесінің күн тәртібіне сәйкес Ақмола облысы білім басқармасының Астрахан ауданы бойынша білім бөлімінің басшысы Гүлсім Шаяхметова ауданның алдағы оқу жылына байланысты жүргізіп жатқан дайындық мәселелері жөнінде баяндама жасады. Сонымен қатар, аудандағы білім беру саласында атқарылған жұмыстарды жан-жақты талдап, білім беру саласындағы мемлекеттік қолдау шараларын, саладағы негізгі басым бағыттарды атап өтіп, алдағы жаңа оқу жылында ұстаздар қауымына сәттілік тіледі.
Пленарлық отырыс барысында «Шағын жинақты мектепте рухани-адамгершілік тәрбиені жетілдіру» тақырыбы бойынша Старый Колутон ауылының жалпы білім беретін орта мектебінің директоры Күләш Омарова, «Білім алушылардың білімін толықтыру, олқылықтарды жою, жаңа оқу жылының басты мақсаты мен міндеттері» тақырыбында Колутон ауылының жалпы орта білім беретін директоры Айнаш Ақсейітова және мамандығын жүрек қалауымен таңдап, жоғары оқу орынды ойдағыдай аяқтап, ортамызға келіп еңбек етіп жатқан жас маман, Жалтыр ауылының №2 жалпы орта білім беретін мектебінің мұғалімі Серікгүл Омарбекова баяндама жасады.
Сонымен қатар, аудан әкімінің орынбасары Жанар Шахпұтова өз жылы лебізін білдіріп, Білім және ғылым министрінің Алғыс хатымен Ермұхамбет Өмірзақ, Мастура Бексеитова, Ризагүл Байғанат марапаттаса, Ақмола облысы білім басқармасының Құрмет грамотасын Бахтияр Магзумов, Ольга Зелинская және тағы басқаларына табыстады. Сондай-ақ, бірқатар аудан ұстаздары Ақмола облысы білім басқармасының Алғыс хатымен, «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымы» Ақмола облыстық ұйымының Құрмет грамотасымен және аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды.