Ауыл шаруашылығының өндiрiсi экономиканың негiзгi саласы болып саналатын аудан «СХП Колутон-04» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің диқандары алқаптардан өнім жинауға кірісті.
Аймақта алғашқы болып егінге орақ салған ауданның шаруалары өскен бидай алқаптарынан жиналған биылғы дән қамбаны барынша толтырады деп үміттеніп отыр.
Қазіргі таңда егіс алқаптарында жаппай егін жинау жұмыстары қарқынды жүруде. Күннің ыстығына қарамастан комбайндар үздіксіз жұмыс жасап жатыр,-дейді «СХП Колутон-04» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Петр Подоксенов. Сондай-ақ, ол егінді уақытылы әрі шығынсыз жинайтындарына сенім білдіруде.
Қазір егін жинау науқанына біршама ауылшаруашылық техникалары жұмылдырылған. Оның ішінде жаңа «Claas», «Acros» және «Есіл» сияқты комбайндары дән бастыруда. Бастысы, биылғы жиын-терін науқаны мерзімінен кешікпей басталды. Ендігі міндет орылған дәнді қамбаға жинап, игілікке жарату болып тұр.
СХП Колутон-04» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Петр Подоксенов үшін биылғы жыл өте маңызды. Өйткені биыл осы шаруашылыққа жұмысын бастап, ауыл тұрғындарының ризық-несібесін молайтуға білек сыбана жұмысқа кіріскенге 40 жыл толды. Серіктестіктегі білікті агроном, бригадир, диқандармен бірге жүріп көктемгі егін егу жұмыстарын ойдағыдай тындырған. Одан кейінгі егіннің бап-күтімінде де егістік басынан шықпай, еңбеккерлермен бірге тынымсыз еңбек етуде.
Аудандағы ірі шаруашылықтардың бірі – «СХП Колутон-04» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі биыл жаздай тынымсыз еңбек етіп, агротехникалық талаптарды сақтаған шаруашылық диқандары мол өнім алуға үмітті. Бүгінде Петр Подоксенов бастаған еңбеккерлер нарық заманына сай жұмыс жасауда. Сонымен қатар, бас бригадир Серік Тайшыбаев қарамағындағы Андрей Варивода, Сергей Шиндин, Бейсен Есеев, Рүстем Тұңғышбаев сынды механизаторларды атап өткен жөн. Болашақта өндірісті әртараптандырып, оны кеңейту бағытында ауқымды жұмыстарды қолға алуда. Бұл ретте, ауыл халқының ауызбірлігі мықты болса, барлық тіршілік тындырымды болары сөзсіз. Сондықтан жаздайғы төккен тердің өтеуі қайтуына тілектеспіз. Қамбаларыңыз астыққа толсын.
Арман ЖАПАРОВ.