15/10/2025  Сәрсенбі
$538.63 ₽6.71 €622.23

Астрахан ауданында республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында ауқымды абаттандыру жұмыстары жалғасын табуда. Акцияның мақсаты – еліміздің экологиялық тазалығын сақтау, көшелерді көріктендіру және тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсарту. Осы мақсатта аудан тұрғындары мен қызметкерлері бірігіп, белсенділік танытуда.

Аудан көлемінде арамшөптерді жою, бұталарды кесу және қураған ағаш бұтақтарын тазарту бойынша тұрақты сенбіліктер ұйымдастырылуда. Бұл шараларға мекеме қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер ғана емес, сондай-ақ, өз ауылының азалығына жанашырлықпен қарайтын барлық аудан тұрғындары белсене қатысуда.

Сенбіліктер барысында ауданның әрбір бұрышы назардан тыс қалмай, қоқыстардан тазартылып, көшелердің көркі ашылуда. Әрбір қатысушының қосып жатқан үлесі айналаны абаттандыруға, экологиялық жағдайды жақсартуға және туған жердің тазалығын сақтауға бағытталған.

Аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен акция аясында түрлі іс-шаралар жоспарланған. Бұл тек қоқыс тазалау ғана емес, сонымен қатар көгалдандыру жұмыстарын жүргізу. Бұл шаралар ауданның көрінісін жақсартып қана қоймай, экологиялық тепе-теңдікті сақтауға да септігін тигізеді.

Аудан әкімдігі акцияға белсене қатысқан барлық тұрғындарға алғысын білдірді және бұл игі бастаманың алдағы уақытта да жалғасын табатынын атап өтті. «Таза Қазақстан» – бұл тек бір реттік акция емес, ол әрбір азаматтың күнделікті әдетіне айналуы тиіс. Сондықтан, барлықтарыңызды осы маңызды іске атсалысып, тазалықты сақтауға шақырамыз. Өз қаламыз бен ауылымызды бірге таза ұстайық!

1 1

Өз тілшіміз.