22/12/2024  Жексенбі
$523.86 ₽5.11 €544.34

Конституцияның 26 жылдығы қарсаңында аудан әкімдігінің ғимаратында аудан әкімі Нұрлан Сейіловтың қатысуымен салтанатты жиналыс өтті.

Мемлекет құру үздіксіз процесс болса, ондағы саяси тұрақтылықтың кепілі – конституция. Сондықтан еліміз дамыған сайын, Ата заңның мазмұны толығып, мәні артуда. Оның қағидалары, мемлекеттің басты байлығы адамның өмірін сақтап, қауіпсіздігін қамтамасыз етуде қалтықсыз еңбек етіп келеді.

Нұрлан Қазезұлы өз сөзінде жиынға қатысушыларды құттықтап, құқықтық мемлекет орнатып, әлемнің өркениетті елдерімен жан-жақты экономикалық-саяси тең дәрежеде қарым-қатынас қалыптастыру, ірі реформаларды жүргізу, демократиялық принциптерді құрметтеу тұтастай Ата-Заңымыздың аясында атқарылып келеді,-деп атап өтті.

«Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» Ақмола қоғамдық бірлестігінің грамотасымен халықты жұмыспен қамту орталығының іс жүргізушісі Юлия Горошенко, аудан әкімінің алғыс хатымен аудандық сот кеңсесінің меңгерушісі Мұқағали Ақышев, аудан прокурорының орынбасары Медет Кафизов, аудандық мәслихаттың ұйымдастыру бөлімінің бас маманы Жанар Қиянбекова, Старый Колутон ауылының дәрігерлік амбулаториясының фельдшері Динара Мырзабаева, жеке кәсіпкер Нина Селиванкина, Астрахан ауылының №15 психолог-педагогикалық түзету кабинетінің емдік дене шынықтыру нұсқаушысы Гүлжахан Кусаинова, аудандық полиция бөлімінің қоғамдық тәртіпті сақтау жөніндегі көмекшісі Закир Мурадов және тағы басқалары марапатталды.

Бүгінде егеменді еліміздің экономикалық өрлеуі мен халқының әлеуметтік ахуалының жақсаруы Заң аясында атқарылған жұмыстардың нақты нәтижесі. Конституция бейбіт өмірдің кепілі бола отырып, ел экономикасының дамуы мен халық тұрмысының жақсара түсуіне ықпал етіп келеді.