Жылдағы дәстүрге сай 1 қыркүйек - «Білім күні» мерекесінде ауданымыздағы барлық мектептерде салтанатты жиындар өтіп, алғашқы қоңырау үні соғылды. Аптаның басында Астрахан орталығындағы №2 жалпы орта білім беретін мектебінде алғашқы қоңырау салтанатты жиыны өткізілді.
Қазіргі таңда аудандағы барлық білім беру ұйымдарында оқушылар карантиндік санитарлық талаптарды сақтай отырып дәстүрлі оқыту форматында білім алады.
Салтанатты шарада мектеп басшылығы барлық оқушыларға, мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндерге алдағы уақытта сапалы білім мен тәрбие алуға, еліміздің үлгілі азаматтары болып қалыптасуына тілектестік білдірді.
Жаңа оқу жылындағы құттықтаулардан кейін егемен елдің болашақ ұрпақтары, мектепке енді ғана қадам басқан бірінші сынып оқушылары жалықпай білім іздейтіндіктерін білдіріп, өлең шұмақтарын оқыды. Оларға мектеп бітіруші түлектері қанаттарының талмауын тілеп, оларға «Әліппе» табыс етті.
Салтанатта сонымен бірге, мектеп өнерпаздары ән шырқап, алғашқы қоңырау үні сыңғырлап, барша оқушыларды алғашқы сабаққа шақырды.
Жиын барысында көптен күткен күміс қоңырау соғылып, білім ордасының тәжірибелі ұстаздары мен білікті мамандары оқушыларды білім нәрімен сусындататын болады.